Қарағандыда 35 жыртқыш құсты заңсыз ұстаған азаматқа үкім шықты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотында сирек кездесетін жануарларды заңсыз иемдену және сақтау фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды. Ер адам сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар құстарды заңсыз сатып алып, үй ауласында ұстаған.
Сот мәліметінше, ол 2017 жылы Instagram әлеуметтік желісінде "tanat.falcons" парақшасын ашқан. Онда жыртқыш құстарды пайдалана отырып ұлттық аңшылық жасауға қатысты жарияланымдар, сондай-ақ жыртқыш құстарды күтіп-баптау, ұстау және емдеу туралы ақпарат орналастырған.
Жыртқыш құстарды сотталған азаматқа белгісіз біреулер жеткізіп беріп отырған. Ер адам құстарды ұстауға арналған орын ұйымдастырған. Облыстық соттың мәліметінше, 2017 жылдан бастап 2026 жылғы 5 ақпанға дейін, оған тағылған айыпқа сәйкес, оған барлығы 35 бас аңшылыққа пайдаланылатын жыртқыш құс жеткізілген.
5 ақпанда көрсетілген мекенжайда жүргізілген тінту барысында тиісті рұқсат құжаттарынсыз 35 жыртқыш құс анықталып, тәркіленген. 35 құстың 31-і "лашын" түріне, 1-еуі "сапсан" түріне, 2-еуі "бүркіт" түріне және 1-еуі "қаршыға-тұйғын" түріне жататыны анықталған.
Сот үкімімен сотталушы 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу және пайдалануға тыйым салынған жануарларға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 1 жыл мерзімге айыру жазасын тағайындады. Рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес, ер адам жазасын өтеуден босатылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
