Қарағанды қаласында 19 күндік нәрестенің жүрегіне күрделі ота жасалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасаған Sputnik Қазақстанның мәліметінше, шақалақта туа біткен жүрек ақауы болған. Оған қоса, ашық артериялық өзек және қарыншааралық перде ақауы анықталған.

Бұған дейін оған асқазан-ішек жолының қатар жүретін патологиясына байланысты операция да жасалған болатын.

«Қарағанды облысы үшін бұл балалар кардиохирургиясын дамытудағы маңызды қадам болды. Мұндай операциялар өңірде көп жылдан бері жасалмаған. Ал бұл шеберлік сабағының мақсаты — операцияны осында, Қарағандыда жасауға мүмкіндік жасау және оларды республикалық орталыққа тасымалдауға кететін уақытты жоғалтпау», — дейді облыстық орталықтың балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Ғанибек Ақжанов.

Осылайша, жергілікті дәрігерлер тәжірибе алып, алдағы уақытта осындай медициналық көмекті жаңа туған нәрестелерге өздері жасайды.