Қарағанды қаласының 13 жастағы тұрғыны Нұралы Әлхан 4 жасар баланы ажалдан аман алып қалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Бұқар жырау ауданындағы Семізбұғы көлінде болған. Нұралы отбасылық достарымен демалуға барған. Сол маңда басқа да демалып жүрген отбасы болған. Олардың балалары үрлемелі матрацқа мініп, көлде жүзіп жүрген. Кейін үлкендеу балалар судан шығып кетіп, 4 жасар бала матраста жалғыз қалған. Жел матрацты көлдің ортасына қарай алып кеткен.
Нұралының анасы Самал Әбдірахманованың айтуынша, сол сәтте Нұралы інісі екеуі көл жағасында балық аулап отырған. Баланың отырған матрацын Нұралының інісі байқап қалып, ағасына айтқан. Нұралы көзілдірік тағады, көзілдірігін тағып қараса, үстінде бала отырғанын көрген. Содан жалма-жан құтқаруға кіріскен.
Нұралы сол сәтте қорықпағанын, баланы құтқару керек екенін ойлағанын айтады. Ол матрацты жағаға алып шығамыз деп ойлаған. Жүзіп барып, жақындап қалғанында матрац толқып кетіп, бала суға құлап түскен. Бала бір-екі рет талпынып, су астына батып кеткен. Нұралы жанталасып баланы судың бетіне алып шыққан. Бірақ бала оның үстіне жатып алғандықтан, салмағын көтере алмай, бір қолымен малтығуға мәжбүр болған.
Екі бала өмір үшін жанталасып, жағаға қарай жылжи берген. Сол сәтте үрлемелі шармен 20 жастағы жігіт келіп, балаларды алып жағаға жүзіп шыққан. Суға тұншыққан бүлдіршіннің денесі көгеріп, құсқан. Кейін оған қажетті көмек көрсетілген.
Құтқарылған баланың ата-анасы Нұралыны қонаққа шақырып, бағалы сыйлық тарту еткен. Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті Нұралыны "Суға батқандарды құтқарғаны үшін" медалімен марапаттап, оған велосипед сыйлады.
