Қарағанды облысында жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтау үшін 120 камера кешені іске қосылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2 қыркүйектен бастап Қарағанды облысындағы 120 камера кешені жылдамдықты арттыру деректерін ғана емес, көлік жүргізу кезінде ұялы телефонмен сөйлесетін және қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілерді де тіркей бастайды. Ереже бұзғандарға айыппұл автоматты түрде салынады.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, көлік жүргізу кезінде телефон қолдану жүргізушінің назарын бөліп, жол апатына ұрыну қаупін арттырады. Әкімдіктегілердің айтуынша, көлік сағатына 60 шақырым жылдамдықпен қозғалып келе жатқанда экранға небәрі бес секунд назар аударудың өзі 100 метр қашықтықты "көз жұмып" жүріп өткенмен тең. Ал қауіпсіздік белдігін тағу жол апаты болған жағдайда жарақат пен өзге де зардаптардың ауырлығын азайтуға мүмкіндік береді.
