Қарағанды облысында қазақстандық нөмірін Грузия нөмірімен жасырған DAF жүргізушісі ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 7 қазанда Астана – Қарағанды автожолында тіркелді. Сағат 12:30 шамасында полицияға QAJ жүйесі арқылы Астана бағытынан Қарағандыға қарай бара жатқан жүк көлігі туралы ақпарат түскен. Көлікте жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері болуы мүмкін екені хабарланған.

Ақпаратты алған патрульдік экипаждар автожолдың 111-шақырымында, Осакаровка кенті маңында DAF жүк көлігін тоқтатты. Тексеру кезінде күдік расталып, көліктің нақты Қазақстан нөмірлерінің үстіне Грузияның мемлекеттік тіркеу нөмірлері орнатылғаны анықталды.

Яғни жүргізуші көліктің шынайы тіркеу деректерін жасыруға әрекет жасаған. Жүк көлігі арнайы тұраққа қойылып, 35 жастағы жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Іс Осакаров ауданының сотында қаралды. Сот шешімімен жүргізуші бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, әкімшілік қамауға алынды.

Жалпы жыл басынан бері облыста патрульдік полиция батальоны қызметкерлері жалған нөмір пайдаланған 87 жүргізушіні анықтады.