Қарағанды облысында жол апатынан «Елім-ай» футбол командасының ойыншысы көз жұмды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Көкшетаудың «Елім-Ай» футбол клубының 29 жастағы ойыншысы және «Скаут» балалар клубының жаттықтырушысы Илья Буртов жол апатынан қаза тапты. Қайғылы оқиға 6 маусымда Қарағанды облысының Дубовка кентінің маңындағы автожолдың 1-ші шақырымында болған.
«Chevrolet Cobalt көлігінің 21 жастағы жүргізушісі көлік руліне ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып кеткен. Салдарынан 44 жастағы жүргізушінің басқаруындағы Opel Vectra көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Chevrolet Cobalt жүргізушісі мен оның екі жолаушысы түрлі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді», - дейді Қарағанды облысының полиция департаменті.
Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Өкінішке қарай футболшы Илья Буртов ауруханада көз жұмды. Жарақаты ауыр болғандықтан науқасты құтқару мүмкін болмаған. Бұл туралы Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
