Қарағанды облысында оқушылар мен студенттер арасында үздік бизнес-идеялар байқауы жарияланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жеңімпаздарға 1 млн теңгеден беріледі, деп хабарлайды облыстық әкімдік. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының кеңесі бизнес-идеялар байқауын екінші рет ұйымдастырып отыр.
Өтінімдер 22 қыркүйекке дейін қабылданады. Байқауға 18 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.
Қатысушылар өз идеясын төрт бағыттың бірі бойынша ұсынуы қажет: агроөнеркәсіптік кешен және қайта өңдеу, IT және жасанды интеллект, робототехника, экология және өңдеу өнеркәсібі, – делінген әкімдік хабарламасында.
Алдымен сарапшылар үздік 20 жобаны іріктейді. Финалға өткен қатысушылар өз жобаларын байқау комиссиясының алдында жеке қорғайды.
Байқауда төрт жеңімпаз анықталады. Әр бағыт бойынша үздік жоба иесіне 1 млн теңгеден беріледі.
