Қарағанды облысында суға батып бара жатқан баланы құтқарған жасөспірімге полиция департаменті алғыс білдірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға тамыз айының басында Бұқар жырау ауданындағы Семізбұғы көлінде болған. Суда ойнап жүрген төрт жасар бала мінген үрмелі матрас желдің әсерінен аударылып, бала суға құлап кеткен.

Сол сәтте жағалауда болған 9-сынып оқушысы Нұралы Әлхан ойланбастан көмекке ұмтылып, баланы судан аман алып қалған.

Облыстың бас полицейі Негмет Исмагулов Нұралы Әлханды қабылдап, жасөспірімге ерлігі үшін алғыс білдірді. Кездесу барысында ерлік жасаған жасөспірімнің анасына да алғыс айтылды.

"Сол сәтті қайта еске алудың өзі қиын. Анасы ретінде балам үшін алғашында қатты қорықтым. Бірақ оның баланы судан аман алып шыққанын естігенде, бойымды мақтаныш сезімі кернеді. Ұлымның ерлігін ескеріп, құрмет көрсеткен полиция департаментінің басшылығына алғысымды білдіремін", — деді Самал Абдрахманова.

Сонымен қатар оның бауырларына да сый-сияпат жасалды.