Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында "Шахтер" демалыс аймағының маңындағы тауға серуендеуге шыққан бес турист адасып кетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Адасқан бесеудің үшеуі бала. Туристер "Шахтер" демалыс аймағынан солтүстікке қарай 15 шақырым жерде орналасқан Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы "Кендара" шатқалында болған.
ТЖМ құтқарушылары оқиға орнына жедел жетіп, демалушыларды қысқа уақытта тапты. Оларды аман-есен "Шахтер" демалыс аймағына жеткізді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ, делінген министрлік хабарламасында.
Құтқарушылар орманға барарда өзіңізбен бірге қуаты толық телефонды, ауыз су мен азық-түлік қорын міндетті түрде алып жүруге кеңес береді. Сондай-ақ, жақындарыңызға баратын бағытыңыз туралы алдын ала хабарлап, қараңғы уақытта орманға шықпаған жөн екенін ескертті.
