Қарағанды облысының аумағында «Takorp» қаржы пирамидасын ұйымдастырған тұрғын сотталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, ұйымдастырушылар азаматтарға тартылған қаржының 100 пайызына дейін жылдам табыс беруге уәде еткен. Сыйақы мөлшері жаңа қатысушыларды тартуға және олардың жүйедегі белсенділігіне байланысты болған.
Тергеу барысында 32 мың доллардан астам соманың криптовалютасына тыйым салынды. Сот үкімімен сотталушы 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Биыл Қарағанды облысында қаржы пирамидаларын құру және оларға басшылық ету фактілері бойынша 3 қылмыстық іс тіркелген. Алдын ала мәлімет бойынша заңсыз схемаға 400-ден астам салымшы тартылған. Былтыр сотқа дейінгі 4 іс тіркелген.
Заңсыз қызметтің салдарынан 50-ден астам азамат зардап шегіп, келтірілген жалпы залал 67 миллион теңгеден асты.
