Қарағанды облысында «CVK» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырушыға сот үкімі шықты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ер адам мүлкі тәркілене отырып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Салымшыларға қандай ұсыныс жасалды
Агенттіктің хабарлауынша, жобаға қатысушыларға құны 120-дан 49 мың АҚШ долларына дейінгі виртуалды дүкендерді сатып алу үшін USDT криптовалютасымен ақша салу ұсынылған.
«Есесіне оларға күн сайын табыс түсетіні және жаңа салымшыларды тартқаны үшін қосымша бонустар берілетіні уәде етілген», — дейді агенттікте.
Пирамида қалай жұмыс істеген
Алайда виртуалды дүкендерде орналастырылған тауарлар іс жүзінде болмаған, ал табыс табу жаңа қатысушыларды тартуға және олардың ақша салуына тәуелді болған.
Салымшылардың қаражаты USDT криптовалютасымен OKX платформасы арқылы электронды әмияндарға аударылған.
Бұғатталған криптоактивтер
Жедел іс-шаралар нәтижесінде 474 мың USDT көлеміндегі криптоактивтер бұғатталды, бұл 212 млн теңгеге тең.
Сот үкімімен аталған цифрлық активтер мемлекет кірісіне тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енді.
