Қарағанды облысында өрт шыққан үйден бір адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өрт 11 тамызда Мойынты кентінде екі қабатты сегіз пәтерлі тұрғын үйден шыққан. Өрт салдарынан шатырдың ағаш торламасы, терезе мен есіктер, сондай-ақ алты пәтердің ішіндегі үй заттары мен жиһаздары жанған.
Құтқарушылар пәтерлердің бірінен 27 литрлік газ баллонын алып шықты. Өрт кезінде пәтерлердің біріндегі 80 шаршы метр аумақтағы төбенің бір бөлігі опырылып түскен.
Өрт сөндірілгеннен кейін құтқарушылар үйінділердің астынан адам қалдықтарын тапты. Оның кім екенін анықтау үшін сот-медициналық және генетикалық сараптамалар тағайындалды.
Үйде 17 адам тұрғаны хабарланған. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
