Қарағанды облысында мефедрон өндірумен айналысқан ірі есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Полиция қызметкерлері зертханаға қатысты жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, трансұлттық қылмыстық топтың екі мүшесін ұстады. Тергеу нұсқасына сәйкес, топ мүшелері Қазақстан және көршілес мемлекеттер аумағында аса ірі көлемде есірткі құралдары мен психотроптық заттарды дайындап, кейіннен заңсыз өткізуді көздеген.

Екі күдікті ұсталды

Жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларының нәтижесінде 48 және 28 жастағы екі күдікті ұсталды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 48 жастағы күдікті қылмыстық топтың ұйымдастырушылық мәселелеріне жауап берген. Ол жаңа қатысушыларды тартып, олардың әрекетін үйлестіріп отырған. Ал 28 жастағы күдікті зертхананың жұмысын тікелей ұйымдастырып, жаңа қатысушыларды есірткі құралдары мен психотроптық заттарды дайындау тәсілдеріне үйреткен, деп хабарлайды полиция.

Тінту барысында табылғандар

Зертхана аумағында жүргізілген тінту барысында көлемі 50 тонна болатын өнеркәсіптік цистерна анықталды. Оның ішінде шамамен 16 тонна пайдаланылған өнім мен сұйықтық болған. Сонымен қатар көлемі бір тоннадан болатын екі ыдыс, 20 литрлік үш канистр және ұнтақ тәрізді заттардың қалдықтары бар 10 полимер қап тәркіленді.

Өнеркәсіптік цистернадан зерттеу үшін 10 литр сынама алынды. Мамандардың қорытындысына сәйкес, ұсынылған үлгіден мефедрон анықталды. Зерттелген сынамадағы есірткі затының салмағы 1 келі 723 грамды құрады, деп жазылған хабарламада.

Заттың құны 40 млрд теңгеге бағаланды

Мамандардың алдын ала есептеуіне сәйкес, анықталған заттың көлемі мен зерттеу нәтижелерін ескере отырып, дайын мефедронның ықтимал көлемі 2 тоннаға дейін жетуі мүмкін. Оның заңсыз нарықтағы алдын ала құны 40 миллиард теңгеге дейін бағаланып отыр.

Екі күдіктіге де қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.