Қарағанды облысының Абай қаласында 28 жастағы әйел күйеуінің пышақты шабуылынан кейін реанимацияға түсті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
КТК телеарнасының мәліметінше, 34 жастағы ер адам жанжал кезінде әйеліне пышақ жарақатын салған. Күдікті ұсталды.
Зардап шеккен әйелдің жақындары оның 20-дан астам жарақат алғанын, ішкі органдары қатты зақымданып, көру қабілеті бұзылғанын айтады. Дәрігерлер науқастың реанимацияда жатқанын растады.
Полиция қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Жедел жәрдем диспетчерінен Абай қаласының 28 жастағы тұрғыны пышақ жарақатымен медициналық көмекке жүгінгені туралы хабарлама түсті. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деді Қарағанды облысы ПД ресми өкілі Бақытжан Құдияров.
Ерлі-зайыптылардың үш кішкентай баласы бар. Қазір олар әжесінің қолында. КТК ақпараты бойынша, соңғы уақытта жұп бөлек тұрған. Оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр.
