Қарағанды облысында жол апаты болып, төрт адам ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 8 қыркүйекте Қарағанды қаласынан үш шақырым жерде болған. «Қарағанды-Жайрем» бағытында жүріп келе жатқан маршруттық автобус «ГАЗель» көлігімен соқтығысқан. Жол апатының видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, «ГАЗель» жүргізушісі, оның жолаушысы және автобуста болған тағы екі жолаушы ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп жатыр.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жол және ауа райы жағдайларына байланысты қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, арақашықтықты сақтауға және ауылдық жолдарда көлік жүргізу кезінде ерекше сақ болуға шақырады.
