Қапшағайда гидроскутер демалушылар мінген креслоны соғып, төрт адам зардап шекті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
25 шілдеде отбасымен демалуға барып, апатқа ұшыраған Назира Оспанбек қазір төсекке таңылып жатыр. Ол Sputnik Қазақстан тілшісіне оқиғаның бір жарым ай бұрын болғанын, бірақ әлі де дұрыс тергелмей жатқанын айтты.
Оқиға қалай болды
Назираның айтуынша, олар қайық сүйрейтін креслоға төрт адам отырған. Қайық біраз жүрген соң тоқтап қалған. Оларға «жағаға қайт» деп қол бұлғап, күйеуі ысқырып белгі берген. Бірақ қайық қозғалмай бір минуттай тұрып қалған.
Қайық сәлден соң оңға қарай қозғалған. Ал адамдар отырған кресло солға жылжыған. Дәл сол сәтте қайдан келгені белгісіз, адамдар отырған креслоны гидроскутер соғып кеткен.
«Үш гидроскутер жарысып келе жатқан. Бізді қаққан адам жанындағыларға алаңдап келе жатып, бізді көрмей қалған. Қайық пен біз отырған креслоны көрмеген. Біз суға құлап, тұншығып жатқанда қайық пен гидроскутер жүргізушілері өзара дауласып жатты», - дейді Назира Оспанбек.
Жарақаттар мен аурухана
Назираның күйеуі жанұшыра басқа қайықтарды көмекке шақырған. Креслода ерлі-зайыпты мен 13 жастағы баласы және достарының 14 жастағы қызы болған.
«Досымыздың қызы суға тұншығып қалды. Бізді әрең қайыққа көтеріп, жағаға апарды. Менің қуығым екі жерден жарылып кеткен, іштен қан кеткен, төрт қабырғам сынып, өкпем жаншылып қалыпты. Ота бес сағат жасалды», - дейді жәбірленуші.
Ал 14 жастағы жасөспірім бір апта комада жатқан, оның да сүйектері бірнеше жерден сынған. Қазір Назира мен жасөспірім қыз төсекке таңылып жатыр.
Кінәлілер туралы пікір
Назираның айтуынша, бұл оқиғаға үш тарап кінәлі: гидроскутер жүргізушісі, кресло сүйреген қайық жүргізушісі және гидроскутерді жалға берген кәсіпкер.
«Олар демалушыларға қызмет көрсетіп тұрған соң, адамның қауіпсіздігіне жауап беру керек. Гидроскутер жүргізу үшін арнайы рұқсат болу керек екен. Сондай-ақ гидроскутер мен демалушылардың судағы жолдары белгіленуі керек. Адамдарды креслоға отырғызған соң қайық жүргізушісі де жауапкершілікпен қарауы керек», - дейді Назира.
Бірақ бұл талаптардың бір де бірі сақталмаған. Гидроскутер рөлінде 37 жастағы ер адам болған.
«Үш тарап та жауап беруге міндетті. Сол сияқты демалушының қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген қайық жүргізушісі де кінәлі. Қазір қайық жүргізушісі мен гидроскутерді жалға берген адам жауапқа тартылып жатқан жоқ. Тек бізді қаққан жүргізуші ғана тергелуде. Тергеушінің айтуынша, бізді ешкім креслоға сүйреп отырғызған жоқ, ол кінәлі емес», - дейді жәбірленуші.
Әділдікке үміт
Келесі жазда да талай демалушы қайыққа отырып, гидроскутермен демалады. Ешкім біздің жайтты бастан кешірмесін, дейді Назира Оспанбек.
«Гидроскутер жүргізушісі "не істеп аласың, ары кетсе екі ай қамаламын" деп шімірікпей тұр. Сонда осыншама азапқа салған адам жазадан оңай құтыла ма», - дейді жәбірленуші.
Алматы облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты тергеу әлі жалғасып жатқанын хабарлады.
