Қонаевтағы Қапшағай су қоймасында демалушы мен құтқарушы суға батып қаза болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы жағдай 22 шілдеде болған. Арнайы жабдықталған жерде шомылып жүрген 1998 жылғы ер адам суға батқан. Оған су жағалауындағы құтқарушы қызметінің қызметкері Андрей Козятинский көмекке барған. Алайда Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қатты жел мен судың тереңдігі салдарынан екеуі де су астында қалған.
Қала әкімі Асхат Бердіханов әлеуметтік желідегі парақшасында құтқарушы туралы жазды: "Андрей Козятинскийдің әрекеті батылдықтың, жанқиярлықтың және адамның жоғары қадір-қасиетінің нақты үлгісі болды. Шешуші сәтте Андрей шетте қалмады және өзінің қауіпсіздігі туралы ойламай, қиыншылыққа тап болған адамға көмекке жүгірді. Мұндай таңдауды тек жүрегі үлкен және мінезі күшті адам жасай алады", - деп жазды әкім.
Екеуінің де денесі судан шығарылып, полицияға табысталды.
