2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық елшіліктер мен консулдықтар шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беруді тоқтатады. Бұл жайлы Қазақстанның Ресейдегі елшілігі ресми түрде мәлімдеді.

Аталған пилоттық жоба 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін ғана іске асады. Бұл өзгеріс шетелдіктерге мемлекетпен қарым-қатынас орнатуда жаңа жолдарды іздеуге мәжбүр етеді.

Елшілік таратқан ақпаратқа сәйкес, енді шетелдіктерге мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға мүмкіндік беретін eResidency бағдарламасы енгізілді.

Бұл цифрлық бағдарлама Қазақстан аумағына келмей-ақ, ЖСН мен басқа да электронды сервистерді қашықтан алуға жол ашады. eResidency арқасында шетел азаматтары түрлі бизнес және қаржылық мүмкіндіктерге қол жеткізе алады.

eResidency арқылы нені рәсімдеуге болады?

Бағдарлама шеңберінде шетелдіктерге берілетін негізгі пайда:

  • 01ЖСН енгізілген цифрлық ID-карта алу;
  • 02Қор нарығы мен криптобиржаларға шығу мүмкіндігі;
  • 03eSIM арқылы қазақстандық нөмір иелену;
  • 04Электрондық цифрлық қолтаңба рәсімдеу;
  • 05Онлайн банктік шот ашу және қазақстандық төлем карталарын қолдану;
  • 06Салықтық резиденттік пен барлық онлайн төлем жүйелеріне эквайринг алу.

Жаңа жүйеге қатысты толық мәліметтерді eresidency.gov.kz порталынан білуге болады.

Неге бұл маңызды?

ЖСН алу – Қазақстанда шетелдіктер үшін бизнес ашу, банкпен жұмыс істеу, салық төлеу сияқты қызметтерді заңды түрде жүргізу үшін маңызды. Бұрын бұл елшіліктер арқылы шешіліп келсе, енді eResidency жүйесі бұл процесті онлайн жүргізуге жол ашады.

Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстанда 700-ден астам ЖСН шетелдіктерге заңсыз берілгені анықталған болатын.