Отандастар қоры Қазақстанның жоғары оқу орындарына грантқа түскен қандастар туралы ақпаратты жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Биыл ұлты қазақ шетел азаматтарына арналған 4%-дық мемлекеттік білім беру квотасы бойынша 2 378 қандас талапкер грант иегері атанды. Ресми хабарламада: "2026 жылы 4%-дық квота бойынша бөлінген 2 497 гранттың 2 378-і игерілді. Бұл көрсеткіш квота тарихындағы ең жоғары нәтижелердің бірі болып отыр. Бөлінген орындардың басым бөлігі техникалық, жаратылыстану-математикалық және педагогикалық бағыттарға тиесілі", – делінген.
Қандастар таңдаған мамандықтар
- 01Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – 667 түлек;
- 02Педагогикалық ғылымдар – 489 түлек;
- 03Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 415 түлек;
- 04Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 367 түлек;
- 05Денсаулық сақтау – 108 түлек;
- 06Қызмет көрсету саласы – 87 түлек;
- 07Өнер және гуманитарлық ғылымдар – 77 түлек;
- 08Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат – 60 түлек;
- 09Бизнес, басқару және құқық – 56 түлек;
- 10Ауыл шаруашылығы және биоресурстар – 31 түлек;
- 11Ветеринария – 9 түлек;
- 12Шетелдік филиалдар (Хериот-Уатт және Аризона университеттері) – 12 түлек.
Грант иегерлерінің саны үш есеге қалай артты
2023 жылға дейін қандастарға бөлінген гранттарды игеру деңгейі 40%-ға да жетпейтін. Мысалы, 2022 жылы бұл көрсеткіш небәрі 22,4% болды. Оның негізгі себептері:
- 01Шетелде қандастар тұратын елдерде қазақ тілінде толыққанды орта білім беретін мектептердің тапшылығы;
- 02Білім беру бағдарламаларының сәйкессіздігі;
- 03Қазақстан тарихы пәнінің шетелде оқытылмауы;
- 04ҰБТ-ның барлық пәнінен шекті балл жинау талабы.
Отандастар қорының араласуымен 2024 жылы маңызды нормативтік өзгеріс қабылданды. Оған сәйкес, қандас талапкерлер үшін әр пән бойынша шекті балл жинау талабы алынып тасталды. 2025 жылдан бастап қандастар үш пәннен – оқу сауаттылығы және екі бейіндік пәннен тест тапсырады. Осының нәтижесінде былтыр грант иегерлерінің саны бірден 2 138-ге дейін артты. Ал 2026 жылы бөлінген гранттардың 95,2%-ы игерілді.
