Ел аумағында жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған “Автобус” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Шара барысында Жол жүрісі қағидаларын бұзудың 22 мыңнан астам дерегі анықталды, оның 6 мыңға жуығы жолаушылар тасымалы саласына тиесілі. Атап айтқанда, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен көлік басқарудың 2 дерегі, мас күйінде басқарудың 4 дерегі және көлік құралын басқару құқығынан айырылған 3 жүргізуші анықталды.

«Сонымен қатар қалааралық және халықаралық бағыттарда жолаушылар тасымалдайтын автобустарда орындарды заңсыз жабдықтаудың 63 дерегі тіркелді. 61 автобус арнайы айып тұрағына қойылып, 102 мемлекеттік тіркеу нөмірі тәркіленді», - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ 6 жүргізушіге қатысты көлікті мас күйде басқарғаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.