Алматының «Қайрат» клубы жаңа Чемпиондар лигасы маусымының іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчта Черногорияның «Сутьеска» командасын 2:1 есебімен жеңді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бірінші таймда жанкүйерлер гол көрген жоқ. Екінші таймда алматылықтардың қысымы өз нәтижесін берді. Матчтың 76-минутында «Қайраттың» бразилиялық қорғаушысы Лукас Африко гол соқты. 90-минутта черногориялықтар шабуылшы Марко Мрвалевичтің арқасында есепті теңестірді. Ал 93-минутта испаниялық шабуылшы Марк Гуаль гол соғып, «Қайратқа» 2:1 есебімен аса маңызды жеңіс сыйлады.

Осылайша, Қазақстан чемпионы қарымта матч алдында аз ғана басымдыққа ие болды. Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алады. «Сутьеска» мен «Қайрат» арасындағы қарымта кездесу 16 шілдеде Черногорияда өтеді.