Қазақстандық «Qaitadan» фильмі IV Бішкек халықаралық кинофестивалінде «Үздік фильм» номинациясында Гран-при жеңіп алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, фестиваль әртүрлі елдердің режиссерлері мен актерлерін біріктірді. Фестиваль аясында Орталық Азиялық байқау өтті, оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан фильмдер қатысты.
«Qaitadan» соңғы жылдардағы ең табысты қазақстандық фильмдердің біріне айналды. Өткен жылы үш апталық прокатта фильм 1 миллиард теңгеден астам қаражат жинап, отандық кинопрокатты басқарды.
Бұған дейін фильм Қазақстанның креативті индустриялар саласындағы бас жүлдесі — STEPPE AWARDS-ты «Кинематограф» санатында жеңіп алған болатын.
Еске салайық, жоба 2023 жылы питчингте жеңіске жетіп, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
