Ресей президенті Владимир Путин Украинамен келіссөздер қайта жанданған жағдайда алаң ретінде Минскіні пайдалануға болатынын айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Путин бұл пікірін журналист Павел Зарубинге берген сұхбатында білдірді. «Егер бір кезде келіссөздерге келсе, Беларусьтің мүмкіндіктерін де пайдалануға болатынына сенімдімін», — деді Путин.

Оның айтуынша, Беларусь президенті Александр Лукашенко жанжалды бейбіт жолмен реттеуге бағытталған кез келген бастаманы қолдауға дайын. «Александр Григорьевичтің ұстанымын білемін, ол даулы мәселелерді бейбіт құралдармен шешуге бағытталғанның бәрін қолдауға дайын», — деп атап өтті Путин.

Ол сондай-ақ 2022 жылғы қақтығыс басталғаннан кейінгі алғашқы ресей-украин келіссөздері дәл Минскіде өткенін еске салды. Сондай-ақ бұрын 2014 жылы жасалған Минск келісімдеріне қол қойылған болатын.

Сонымен қатар, украиндық Insider UA басылымы Владимир Зеленский кеңсесіндегі дереккөздерге сілтеме жасап, украин президентінің өзі Александр Лукашенко арқылы Владимир Путинге бейбіт келіссөздерді бастауды ұсынғанын хабарлайды.

Басылым дереккөздерінің мәліметінше, Лукашенко Украина мен АҚШ-ты Беларусь аумағындағы ретрансляторлардың енді жұмысын қайта бастамайтынына сендірген.

Киев, Минск немесе Мәскеу тарапынан бұл ақпараттың ресми растауы әзірге түскен жоқ.

Бұған дейін «Курсив» Зеленскийдің Лукашенкоға ретрансляторларды алып тастау үшін бір апталық ультиматум қойғанын жазған болатын. Украин лидерінің айтуынша, бұл ретрансляторлар ресейлік дрондардың соққыларын түзету үшін қолданылады. Сонымен қатар, Зеленский Минскіні ресей әскеріне мұнай өнімдерін жеткізуді тоқтатуға шақырған.

Франциядағы «Үлкен жетілік» (G7) саммитінде Зеленский қысқа дейін Путинмен келіссөздер жүргізуге ниетті екенін мәлімдеген болатын.

Ал кеше АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон ресей-украин қақтығысын аяқтауға ниетті екенін айтты.