Ресей президенті Владимир Путин Шығыс экономикалық форумының пленарлық отырысында Киевтің әрекеті Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу мүмкіндігін қиындатып отырғанын айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Путиннің сөзінше, Владимир Зеленскийдің Ресей аумағындағы азаматтық ұшақтарға қатысты мәлімдемесі мемлекеттік терроризм болып саналады. Ол азаматтық әуе кемелеріне шабуыл жасау қаупі туралы естігенін, бұл мемлекеттік терроризмнің көрінісі екенін атап өтті.

«Егер Киев бұл қоқан-лоққысын жүзеге асыруға әрекет жасаса, Ресей оған жауап береді. Бұл екіжақты бейбіт келіссөз жүргізу мүмкіндігін қиындататыны сөзсіз», – деді Путин.

Ресей президенті Киевтің Батыстағы одақтастары бұл мәселеге үнсіз қалса, халықаралық терроризмге сыбайлас болатынын атап өтті. «Бұған назар аудармайтындар – ең алдымен, Украинаның Батыстағы одақтастарын айтып отырмын – халықаралық терроризмге сыбайлас болады. Мұны басқаша түсіндіру мүмкін емес», – деді ол.

Путиннің айтуынша, Киев пен еуропалықтардың агрессивті әрекеті қақтығысты реттеу мүмкіндіктерін қиындатып отыр. Сонымен қатар ол бейбітшілікке қол жеткізу мүмкіндігі бар екенін атап өтті. «Ең алдымен Ресей мен Украина өзара келісуі керек. Қалған барлық ел қолдауға және көмектесуге дайын», – деп түсіндірді Путин.

Оның сөзінше, Мәскеу мен Киев арасындағы байланыс тоқтаған жоқ. Қазіргі таңда екі тарап негізінен арнайы қызметтер арқылы байланысып отыр. Вашингтонмен диалог туралы айта келе, Путин Кремль қарым-қатынасты толық форматта қалпына келтіруді жақтайтынын нақтылады. Оның сөзінше, АҚШ президенті Дональд Трамп сындарлы жұмыс жүргізуге ниетті.

Ресей президенті Украинадағы қақтығысты шешуге үлес қосуға тырысып жатқан барлық тарапқа алғыс білдіретінін айтты. «Ең алдымен, бұл мәселені қақтығысқа қатысып отырған елдер – Ресей мен Украина шешуі керек. Алайда өз үлесін қосуға тырысып жатқан барлық тарапқа алғысымызды білдіреміз», – деді Путин Шығыс экономикалық форумы пленарлық отырысында.

Шығыс экономикалық форумы 1-4 қыркүйек аралығында Владивостокта өтіп жатыр.