Ресей президенті Владимир Путин Киевке үш тәулік бойы соққы жасамау жөнінде тапсырма берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Кремль өкілі Дмитрий Песковтың айтуынша, бұл шешім америкалықтардың Киевтегі кездесулерін дайындап, өткізуге байланысты. Ол сондай-ақ Ресей басшысы Мәскеуге келген Стив Уиткоффпен және Джаред Кушнермен келіссөз жүргізетінін, одан кейін АҚШ президентінің өкілдері Киевке баратынын атап өтті.
Бір күн бұрын Дональд Трамп Уиткофф пен Кушнердің Мәскеуге сапары барысында Украинадағы қақтығысты тоқтату жөніндегі ұсынысты таныстыратынын мәлімдеген болатын. Алайда ол бастаманың нақты қандай екенін ашып айтпады.
Бұған дейін Владимир Путин Мәскеудің кез келген тараппен келіссөз жүргізуге ашық екенін атап өткен еді. Ол сондай-ақ Ресейдің келіссөзге қайта оралуға және 2025 жылдың тамызында Аляскада көтерілген барлық мәселе мен тақырыпты талқылауға дайын екенін атап өтті.
