Ресей президенті Владимир Путин халықтар арасындағы өзара құрмет Ресейдің егемендігі мен тәуелсіздігінің негізі екенін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Путин бұл мәлімдемені Мәскеуде Хлық бірлігі күнінде өткен «Ресей халықтары» халықаралық апталығының пленарлық отырысында жасады. «Біз бұл мерекенің шығу тегін мақтанышпен еске аламыз. Ол кезде әртүрлі ұлт өкілдері мен дін өкілдері ішкі қақтығыстарды тоқтатып, мемлекеттілік пен заңды билікті қалпына келтірді», — деді ол.
Президент Ресей тарихи тұрғыдан халықтардың, тілдердің және әдет-ғұрыптардың өзара әрекеттесуінің арқасында дамығанын атап өтті. Оның айтуынша, ғасырлар бойы ел халықтары өз мәдениеттерін бір-біріне «сіңірді». «Халықтар арасындағы келісім мен өзара құрмет Ресейдің егемендігі мен тәуелсіздігінің негізі болып табылады. Оның әртүрлілігі күш пен үлкен әлеуетті қамтиды», — деді Путин.
Сонымен қатар ол бүгінде ұлтаралық алауыздықты қоздыруға және елдегі тұрақтылықты бұзуға бағытталған кез келген әрекеттердің жолын кесу өте маңызды екенін мәлімдеді. Арнайы әскери операция кезінде Ресейдегі жүзден астам ұлт өкілдері батылдық пен батырлық үшін мемлекеттік наградалармен марапатталғанын айтты.
Путин тарихи мысал ретінде Минин мен Пожарскийдің жасағын келтірді: «Қарапайым халық, әртүрлі ұлт өкілдері Нижний Новгород жерінде жиналған Минин мен Пожарскийдің жасағына қосылды. Олар Отанды құтқару және басқыншыларды Кремльден қуып шығару ерлігін жасады. Содан бері Ресейдің барлық халқының бірлігі оның тағдырында әрқашан маңызды рөл атқарды және атқарып келеді», — деді Ресей президенті.
Айта кетейік, бұл мәлімдемелер Хлық бірлігі күніне орайластырылған «Ресей халықтары» халықаралық апталығы аясында жасалды. Іс-шара барысында Путин әлеуметтік бастамаларды біріктіретін жобаны да жоғары бағалады.
