Ресей БҰҰ-ны реформалауды қолдайды, алайда ұйымды өзгерту барлық елдің ортақ келісімінсіз мүмкін емес. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин "Валдай" халықаралық пікірталас клубының пленарлық отырысында айтты.
Путиннің пікірінше, БҰҰ өкілдік сипатына қарамастан, бастапқыда көзделгендей ұжымдық әрі демократиялық қағидаттармен басқарылмай отыр.
Оның айтуынша, Батыс елдері ұйым жұмысына шамадан тыс ықпал етеді, ал кейбір мемлекеттер жаһандық деңгейде бақылауды күшейтуге ұмтылып отыр.
Ресей президенті БҰҰ реформасы тек Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтумен немесе географиялық өкілдікті теңестірумен шектелмеуі керек екенін атап өтті.
"БҰҰ-ны реформалау – бұл тек Қауіпсіздік Кеңесін кеңейту немесе географиялық тұрғыдан теңгерімді өкілдікті қамтамасыз етуге бағытталған басқа да шараларды қабылдау ғана емес. Мәселе ұйымға жаңа мазмұн беруде жатыр", - деді Путин.
Оның айтуынша, Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік жаһандық тәртіпке қатысты ортақ келісімге келуі керек.
"Өткір мәселелер жойылған жоқ. Біз қазір жаһандық бейбітшілікті қалай сақтап қалу керектігін ойластыруымыз қажет", - деді Ресей президенті.
Путин сондай-ақ адамзатқа ең ауыр зардап әкелуі мүмкін сценарийлерге жол бермеу маңызды екенін атап өтті.
