Қазақстанда күшті әсер ететін психотроптық препараттарды заңсыз сатумен айналысқан екі топтың қызметі тоқтатылып, 21 адам ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазан айында жүргізілген операция кезінде Көкшетау, Щучинск және Бурабайда 11 адам қолға түсті. Олардың арасында фармацевтикалық компаниялардың иелері мен қызметкерлері, курьерлер бар.
Тінту кезінде «Тропикамед» препаратының 50 мыңнан астам құтысы және басқа да препараттардың шамамен 4 мың данасы тәркіленді. Сонымен қатар атыс қаруы, оқ-дәрілер, көліктер мен ірі көлемдегі ақша табылды.
Ал Қарағанды мен Теміртауда тағы 10 адам ұсталды. Олар психотроптық препараттарды заңсыз сатуға қатысы бар деген күдікке ілінді. Тінту кезінде психоактивті заттар, травматикалық және суық қару тәркіленді.
Қазіргі уақытта екі дерек бойынша да сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
