Қазақстанда психологтардың бірыңғай мемлекеттік тізілімі құрылады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен кеңесте айтылғандай, құжат психологиялық қызметті жүзеге асырудың құқықтық негіздерін қалыптастырып, психологтардың кәсіби қызметіне қойылатын бірыңғай талаптарды айқындайды. Сонымен қатар азаматтардың психологиялық көмек алу кезіндегі құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.

«Психологиялық қызмет туралы» заңға сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі психологтардың мемлекеттік тізілімін жүргізуге, олардың кәсіби әдеп кодексін әзірлеуге, сондай-ақ заңда көзделген өзге де нормативтік құқықтық актілерді дайындауға жауапты болады.

Қазіргі уақытта министрлік қажетті нормативтік құқықтық базаны әзірлеп жатыр. Сонымен бірге психологтардың мемлекеттік тізілімін цифрлық форматта енгізу және оны қолданыстағы мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау мәселелері пысықталуда.

Бұдан бөлек, заң талаптарын тиімді іске асыру мақсатында кәсіби қауымдастықтармен, мемлекеттік органдармен және мүдделі ұйымдармен өзара іс-қимыл жолға қойылады.