Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Федор Войтоловский алдағы он жылда әлемнің қалай өзгеруі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Валдай» халықаралық пікірталас клубының жыл сайынғы отырысында әлемдік экономиканың даму перспективалары талқыланды. Профессор Федор Войтоловскийдің айтуынша, бүгінде көптеген мемлекет ірі бизнеске сүйеніп, олардың мүдделерін ескере отырып әрекет етеді. Себебі ірі компаниялар халықаралық бәсекеге белсенді қатысады.
«Соңғы 20–25 жылда не өзгерді? Ірі бизнестің мүдделері мемлекеттердің мүдделерімен астасып кетті. Батыс корпорациялары ғана емес, бүгінде ресейлік, үндістандық және қытайлық компаниялар да трансұлттық корпорацияларға айналды. АҚШ та олармен бәсекелесіп жатыр», – деді Войтоловский.
Осы орайда академик маңызды мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, мемлекеттер мен трансұлттық корпорациялар арасында ынтымақтастық болмаса, екі тараптың да дамуы қиын.
«Алдағы он жылда біз ымырасыз бәсекелестік жағдайындағы әлемде өмір сүреміз. Алайда капитал иелері, инвесторлар және стратегиялық инвесторлар ықтимал жаһандық қақтығыстардың қауіп-қатері мен шығындарын түсінеді», – деп атап өтті ғалым.
Ал Қытайдың Жаһандану орталығының президенті Ван Хуэйяо қазіргі әлемнің күрделі текетірес кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтты.
«Соғыс пен энергетикалық дағдарыс әлі де жалғасып жатыр. Осындай жағдайда әрі қарай не істеу керектігі туралы жиі ойлануға тура келеді. Қазір бізге жаңа тепе-теңдікке, жаңа эквилибриумға қол жеткізу қажет», – деді Хуэйяо.
Оның айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) және аймақтық қауіпсіздік саласындағы басқа да альянстар жаңа тепе-теңдікті қамтамасыз ететін тетіктер болуы мүмкін. Ал жаңа тепе-теңдікті қалыптастыру үшін БҰҰ реформасына G20 елдерін тарту қажет.
