Мемлекет басшысы премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәдениет, ақпарат және әлеуметтік саясат салаларында жаңа Конституция ережелерін жүзеге асыру барысы, сондай-ақ азаматтардың тұрмыс сапасын көтеруді көздейтін мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары баяндалды.
Аида Балаева заңнаманы жаңа Ата заңға сәйкестендіру, цифрлық кеңістікті ілгерілету, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ отбасы және жастар саясаты, жаңа білім, ғылыми-ағартушылық және шығармашылық нысандарын құру, дәстүрлі өнерді қолдау мен білікті маман даярлау бағыттарында еліміздің мәдени инфрақұрылымын жандандыру жөніндегі ұсыныстарды жеткізді.
Мемлекеттік әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелеріне айрықша назар аударылып, Балаева білім, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, спорт және туризм салаларын өркендету жайында әңгімеледі.
"Ведомствоаралық ықпалдастықты күшейтуге, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, адами капиталды дамытуға, заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге және әлеуметтік сала инфрақұрылымын қалыптастыруға ерекше мән берілді", - деп жазылған хабарламада.
Президент мәдениет, ақпарат және әлеуметтік даму салаларындағы мемлекеттік саясатты одан әрі күшейтуге бағытталған бірқатар тапсырма жүктеді.
