Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы ауқымды жұмыстың бастамасы ғана екенін айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Президент журналистер тарапынан қойылған бірнеше сұраққа жауап берді. "Әлгінде ғана айтқанымдай, алғашқы бір палаталы парламент сайлауының тарихи мәні зор. Еліміздің дамуына тың серпін береді деп санаймын. Жаңа тұлғалар мен жаңа идеялар пайда болды", - деді президент.
Оның айтуынша, өз тарапынан жастардың ой-пікірін еркін жеткізуге, мемлекеттің қалыптасуына үлес қосуына әрдайым қолдау көрсетеді.
Ал депутаттар қандай болу керек деген сұраққа: "Депутаттар, ең алдымен, заңның сапасына жауап береді деп сенемін. Екіншіден, олар берген уәделерін немесе бағдарламаларын орындауға тиіс. Үшіншіден, ел дамуына ықпал ететін заңдар қабылдануы керек", - деп жауап берді Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Қазір заман күрделі. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ" деген президент бірігіп әрекет ету керектігін айтты. "Туған елімізді озық, заманауи мемлекетке айналдыру жолында күш-жігерімізді біріктіру керек. Бұл ретте Конституция бізге мол мүмкіндік береді. Біртұтас ел болып қабылдаған Жаңа Конституциямыз өте озық, мазмұнды құжат деп айтсақ, қателеспейміз. Сондықтан Ата Заң бізге, әсіресе, жастарға жарқын жол нұсқайды", - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, келешек – жастардың қолында. Оған күмән жоқ.
