Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясының пленарлық отырысында балаларды фаст-фудтың агрессивті жарнамасынан қорғауды тапсырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Тағы бір мәселе. Фаст-фудтың агрессивті жарнамасы қаптап кетті. Тез ішіп-желінетін тағам зиянды әдет қалыптастырады, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіреді, еліміздің еңбек күші әлеуетіне теріс әсер етеді. Дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Олардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ», - деді Тоқаев.

Осы орайда президент көптеген мемлекет құрамында май, қант және тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына тыйым салатынын немесе шектеу қоятынын еске салды.

«Бұл өте күрделі мәселе. Түрлі шетін тұстары, пікірталастарға негіз болған медициналық, тіпті саяси астары бар. Дегенмен үкімет, ең алдымен, балаларымыздың саулығын ойлап, аталған проблеманың ұңғыл-шұңғылын мұқият зерделеуі керек», - деп атап көрсетті мемлекет басшысы.