Премьер-министр Олжас Бектенов теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстарын уақтылы аяқтауды тапсырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкіметтің бүгінгі отырысында премьер осы жұмыстарды "әлеуметтік жоба" деп атады. "Өйткені ол жолаушылар инфрақұрылымын жақсартуға, халыққа жайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге бағытталған. Үкімет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданды. Әкімдер нысандарды жаңғырту барысын әр апта сайын тікелей өздері бақылап, бекітілген кесте мен жұмыс сапасын қамтамасыз етуі керек", - деді Бектенов.

Үкімет басшысы жұмыс күші мен техникалық құралдарды да көбейтуге тапсырма берді. "Қайта жаңартылған 30 вокзал 1-ші шілдеге қарай алғашқы жолаушыларды қабылдауға тиіс. Астана, Алматы және Түркістанның тарихи вокзалдарындағы реставрациялау жұмыстарынан басқа, қалған вокзалдар бойынша жұмыстар 1-ші қазанға қарай аяқталуы қажет", - деп атап көрсетті премьер.

Айта кетері, Тәуелсіздік жылдарындағы теміржол вокзалын жаңғыртудың ең ірі бағдарламасы былтыр басталған болатын. Жақында Абай облысында алғашқы екі жаңартылған нысан пайдалануға берілді.