Премьер-министр Олжас Бектенов сауда желілеріне ескерту жасады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкімет отырысында Бектенов отандық өндірушілердің сауда алаңдарына қол жеткізудегі проблемаларын атап өтті. Оның айтуынша, жалдау ақысының жоғары болуы қазақстандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін кеңейтуге кедергі келтіріп, бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

«Сауда желілерінің иелері қазақстандық тауарларға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге тиіс деп санаймын. Отандық өнімнен бұрын импорттық тауарларға басымдық беру құқықтық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыдан да дұрыс емес», — деді Бектенов.

Премьер жеңіл өнеркәсіп пен тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын отандық өндірушілерге сауда алаңдарын жалға алудың қолайлы шарттарын ұсынудың нақты тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, отандық өндірушілер өз өнімдерін өткізу кезінде негізсіз әрі басы артық әкімшілік талаптарға тап болмауға тиіс. Барлық талап бір құжатта жинақталып, жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйеде тұруы қажет.

Бектенов бір ай мерзімде халық арасында ең көп сұранысқа ие басым тауар санаттарын айқындауды тапсырды. Әрбір санат бойынша ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін арттыруға арналған нысаналы көрсеткіштерді белгілеу керек.