Премьер-министр Олжас Бектенов коммуналдық желілерді жаңғырту бойынша белсенді жұмысқа кіріскен облыстарды атады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Негізгі мақсат – инженерлік инфрақұрылымның тозуын кезең-кезеңімен төмендету және халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту. Ұлттық жобаны іске асыруға жеке және шетелдік капитал тартылады.

Бүгінде жасалған келісімшарттардың үлесі бойынша Атырау және Жетісу облыстары көш бастап тұр. Ал орындалған келісімшарттардың көлемі бойынша Павлодар және Қарағанды облыстары алда келеді.

«Жалпы алғанда жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында оң серпін қалыптасып отыр. Олардың қатарында Атырау, Жетісу, Павлодар мен Қарағанды облыстарын атап өтуге болады. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды іске асыру қарқыны бәсең өңірлер бар», - деді Бектенов үкіметтің бүгінгі отырысында.

Ресми мәліметке сәйкес, Шымкент қаласы, Алматы және Ұлытау облыстары жұмысты созып жіберген. Бүгінгі отырыста премьер Алматы облысының әкіміне қатаң ескерту жасады.