Польша Украинаға Patriot зениттік-зымыран кешеніне арналған бес-алты зымыран берген. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Елдің ұлттық қорғаныс министрінің орынбасары Цезары Томчик мәлімдегендей, бұл зымырандар Patriot батареясының бөлігі емес, жеке жауынгерлік құралдар. Ол: "Patriot батареясы мен толыққанды жүйені бірнеше зымыранмен шатастырмау керек. Төрт, бес немесе алты жауынгерлік құрал – бұл кешеннің жалпы мүмкіндігінің аз ғана бөлігі", – деді.
Бұған дейін Польша сеймінің вице-спикері Кшиштоф Босак Варшава әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі үшін сатып алған Patriot зымырандарын Украинаға бергенін айтқан болатын. Ал Президент кеңсесі халықаралық саясат бюросының басшысы Марчин Пшидач Польша АҚШ-тан Patriot зымырандарын сатып алу кезегін Украинаға бергенін мәлімдеген.
Томчиктің айтуынша, Польша президенті кеңсесі Украинаға зымырандар берілетіні туралы алдын ала білген. "9 сәуірде Әскери қарсы барлау қызметінің директоры генерал Ярослав Стружик президент кеңсесінің басшысы Збигнев Богуцкийге 16 беттен тұратын көлемді хат жолдап, Украинаға бірнеше Patriot зымыранын беру туралы барлық мәліметті және оған қатысты қосымша ақпаратты ұсынды", – деді ол.
Ресей Украинаға қару-жарақ жеткізу қақтығысты реттеуге кедергі келтіреді, НАТО елдерін қақтығысқа тікелей тартады және оларды "отпен ойнап жатыр" деп санайды. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинаға арналған қару-жарақ тиелген кез келген жүк Ресей үшін заңды нысанаға айналатынын мәлімдеді.
