Полиция азаматтарды қоғамдық орындарда кездесетін күмәнді QR-кодтарды сканерлеу кезінде аса мұқият болуға шақырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, QR-кодтар күнделікті өмірде кеңінен қолданылғанымен, алаяқтар осы технологияны пайдаланып, адамдарды алдаудың жаңа тәсілдерін меңгеріп келеді.

«Көшеде, аялдамада, тұрғын үйлердің кіреберісінде немесе жарнама тақтасына орналастырылған QR-кодтарды сканерлемес бұрын олардың қауіпсіз екеніне көз жеткізу қажет. Қаскөйлер түпнұсқа кодтың орнына жалған QR-код жапсырып, азаматтарды фишингтік сайттарға бағыттауы мүмкін», - деп жазылған хабарламада.

Мұндай сайттардың негізгі мақсаты – пайдаланушылардың жеке деректерін, банк картасының мәліметтерін немесе басқа да құпия ақпаратын заңсыз иемдену. Кей жағдайда азаматтар төлемді дұрыс жасағанына сенімді болғанымен, ақша алаяқтардың есепшотына түсіп жатады.

Күмәнді QR-кодтардың негізгі белгілері

  • 01QR-код басқа жарнаманың үстіне жапсырылған;
  • 02хабарландыруда ресми емес безендіру болуы мүмкін;
  • 03«Сыйлық алыңыз», «Тек бүгін», «Жедел сканерлеңіз» сияқты асықтыратын мәтіндер жазылған;
  • 04ұйымның атауы немесе байланыс деректері көрсетілмеген.

Полиция ұсыныстары

Полиция азаматтарға белгісіз QR-кодтарды негізсіз сканерлеуден бас тартуды, сілтеме ашылар алдында интернет-мекенжайын мұқият тексеруді, күмәнді сайттарға жеке деректерін, банк картасының мәліметтерін немесе SMS арқылы келген растау кодтарын енгізбеуді ұсынды. Сондай-ақ белгісіз қосымшаларды орнатпауға және құрылғыға қосымша рұқсат бермеуге кеңес берді.

Ал QR-код арқылы төлем жасамас бұрын оның ресми ұйымға тиесілі екеніне көз жеткізу қажет. Егер азамат күмәнді QR-кодты сканерлеп, жеке немесе қаржылық деректерін енгізіп қойған болса, дереу банкке хабарласып, төлем картасын бұғаттау керек.