Жаз мезгілінің басталуымен бірге демалыс орындарына сұраныс артып, интернет арқылы коттедждер мен демалыс үйлерін жалға алу қызметін пайдаланушылар саны көбейіп келеді. Өкінішке қарай, осы жағдайды өз пайдасына пайдаланатын алаяқтар да белсенді әрекет етіп жатыр, деп ескертті ішкі істер министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сол себепті полиция департаменті азаматтарды интернет кеңістігінде жиілеп кеткен алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырады. Әсіресе әлеуметтік желілер мен түрлі хабарландыру сайттарында демалыс орындарын жалға беру туралы жалған ұсыныстар көбейген.
Көп жағдайда қаскөйлер келесі тәсілді қолданады: әлеуметтік желілерде немесе хабарландыру платформаларында демалыс үйлерінің жалған жарнамасын орналастырады; хабарласқан азаматтарға нысанның бос екенін айтып, тартымды фотосуреттер жібереді; сенім ұялату үшін нақты мекенжайлар мен әдемі суреттерді пайдаланады. Алайда мұндай фотолар көбіне интернеттен алынған немесе басқа нысандарға тиесілі болуы мүмкін.
Демалыс орнын брондау үшін алдын ала төлем жасауды талап етеді; ақша аударылғаннан кейін түрлі сылтаулар айта бастайды: көлік бұзылғанын, жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын немесе техникалық ақаулар бар екенін хабарлайды; кейін байланыс мүлдем үзіліп, төленген қаражат қайтарылмайды.
«Сол себепті, алдын ала төлем жасауға асықпаңыз және белгісіз адамдарға немесе күмән тудыратын есепшоттарға ақша аудармаңыз. Мүмкіндігінше ресми брондау платформалары мен сенімді агенттіктердің қызметін пайдаланыңыз», - дейді полицейлер.
Сонымен қатар ақпараттың шынайылығын тексеріп, фотосуреттерге мұқият болу қажет. Себебі көптеген алаяқ интернеттен алынған суреттерді пайдаланады. Әсіресе, тым арзан ұсыныстарға сенбеңіздер, дейді тәртіп сақшылары.
