Петропавлдағы асфальт-бетон зауытында болған өрт салдарынан жұмысшыны ауыр күйік шалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Төтенше жағдай 8 шілде күні таңғы сағат 10:00 шамасында болған. Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Петропавл қаласындағы Гашек көшесінде орналасқан асфальт-бетон зауытының аумағында битумды қыздыруға пайдаланылатын май өртенді.

Өрт салдарынан 1975 жылы туған ер адамды термиялық күйік шалды. Зардап шегуші медициналық мекемеге жатқызылды. Оқиға орнына ТЖД-ның 14 қызметкері мен 6 техникасы жұмылдырылды. Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында тілсіз жау 20 шаршы метр аумақта сөндірілді.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Зардап шеккен азамат "Вайк групп" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде оператор болып жұмыс істеген. Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас өндірістік жарақат алғаннан кейін бір сағат ішінде ауруханаға жеткізілген. Жағдайы өте ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.