Петропавлдағы емханалардың біріндегі қарапайым қабылдау қылмыстық іспен аяқталды. 51 жастағы пациент ауызша сөзге келгеннен кейін дәрігерді бетінен ұрды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
СҚО полиция департаментінің мәліметінше, ер адам 17 тамызда таңертең қабылдауға келген. Ол мен дәрігер арасында әңгіме басталып, тез арада жанжалға ұласқан. Дәрігердің ескертуінен кейін пациент агрессивті реакция танытып, күш қолданған.
Полицейлер медицина қызметкеріне қызметтік міндетін атқару кезінде өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес зорлық көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Бұл өңірде тіркелген медицина қызметкеріне қатысты зорлық көрсетудің екінші жағдайы. Біріншісі маусым айында Шал ақын ауданында болған. Сонда мас күйіндегі ер адам жол-көлік оқиғасынан кейін оған көмек көрсеткен медбикені ұрған. Сот оны 1,5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті», — деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов.
Полиция биылдан бастап медицина қызметкерлеріне қатысты қауіп төндіру немесе зорлық көрсету үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Тиісті норма Қазақстан Қылмыстық кодексінің 380-3-бабында бекітілген.
Бұған дейін «Курсив» Павлодарда жанашыр өтіп бара жатқандардың күн астында жатқан ер адамға жедел жәрдем шақырғанын хабарлаған. Алайда пациент алғыс айтудың орнына бригадаға шабуыл жасап, реанимобильді талқандаған.
