Петропавлда 22 жастағы қыз жүріп бара жатқан көліктен секіріп кетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Желіде 22 жастағы қызды ұрып-соғып, көліктен жігіттің жолға лақтырып жібергені туралы ақпарат тараған. Қыз Семейден танысына қонаққа келген.
Екеуі қала ішінде көлікпен жүріп келе жатқанда, жігіт оны сүймек болған. Қыз оны итеріп жіберіп, жүріп келе жатқан көліктен өзі секіріп кеткен. Сол сәтте оны Volkswagen көлігіндегі 69 жастағы ер адам қағып кеткен.
СҚО полиция департаментінің мәліметінше, қызды қағып кеткен Volkswagen автокөлігінің 69 жастағы жүргізушісі сау болған. Автомобиль арнайы тұраққа қойылған.
Қазіргі уақытта полиция оқиға бойынша тексеру жүргізіп, жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтап жатыр. Зардап шеккен қыз полицияға арыз жазудан бас тартқан. Кейін ол Петропавл қаласынан кетіп қалған.
