Петропавлда инклюзивті орталық ғимаратының құрылысы жүріп жатқан аумақтан адам сүйектері табылған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбада экскаватор жүргізушісі топырақты қазған сайын сүйектердің шығып жатқанын айтады.

«Жігіттер, менің арқамда бесінші табытты шығарып жатыр. Бір күнде қаншама қап толды», — дейді экскаваторшы.

Құрылысшылар күрекпен сүйектерді жинап, тазалап, қаптарға салып жатыр. Экскаваторшының айтуынша, табылған сүйектердің арасында балалардың сүйектері де болуы мүмкін.

Күзетшілер бұл аумақта бұдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын христиан зираты болғанын айтады. Бұған дейін де осы жерден адам сүйектері табылған.

Полиция бұл дерек бойынша тексеру жүргізіп жатыр.

«Қаңқалардың табылу фактісі бойынша полиция материалды тіркеді. Қылмыстық сипаттағы белгілер анықталған жоқ. Қалдықтардың шығу тегі мен басқа да мән-жайларды анықтау үшін тексеру тағайындалды. Оның нәтижелері бойынша тиісті қорытынды жасалады», — деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті.

Қазіргі уақытта табылған сүйектерді Жұмысшы кенті ауданындағы зиратқа қайта жерлеу жоспарланып отыр.