Петропавлда полицейлер ер адамды алаяқтардың арбауынан құтқарып қалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қарасай Ботпаев пен Бауыржан Ахмет қаладағы сауда үйлерінің бірінде кезекшілік атқарған.

Қарасай Ботпаев банкоматтың жанында қолына бір бума ақша ұстап, телефонмен алаңдап сөйлесіп тұрған егде жастағы ер адамды байқайды. Полицей қызметтік куәлігін көрсетіп, өзін таныстырғанымен, азамат алғашында оған сенбеген.

Кейін қызметкер нысандағы киімдегі әріптесін шақырған. Осыдан кейін ғана ер адам тәртіп сақшыларының сөзіне құлақ асқан.

«Ол Binance платформасында криптовалютамен сауда жасайтынын айтты. Алайда полицейлер Binance-тің не екенін сұрағанда, жауап бере алмады. Кейін анықталғандай, ер адам жақында интернеттен ақша табу туралы хабарландыруға тап болып, Telegram мессенджерінде көрсетілген нөмірге хабарласқан. Оған криптовалюта арқылы "табыс табу" ұсынылған», — деп хабарлады министрлік.

Хабарландырудың ар жағында алаяқтар тұрған. Олар ер адамға салған ақшасынан түсетін "табыс графиктерін" жіберіп отырған. Алайда олардың нақты криптовалюта биржасына еш қатысы болмаған.

Қала тұрғыны алаяқтарға шамамен 1 миллион теңге аударуға дайын болған. Полицейлердің қырағылығының арқасында ол материалдық шығынға ұшыраған жоқ.

Тәртіп сақшылары тұрғындарды оңай ақша табуға уәде беретін адамдарға сенбеуге шақырды. Инвестиция салу туралы жеткілікті білімі болмаса, бейтаныс адамдардың нұсқауымен қаржы операцияларын жасамау қажет.