Петропавлда МӘМС аясында науқастан 10 келілік ісік алынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, онкологиялық орталықта МӘМС аясында күрделі ота жасалды. 48 жастағы науқастың құрсақ қуысы мен кіші жамбас аймағында салмағы 10 келі болатын ісік алынып тасталды.
СҚО онкология орталығының мәліметінше, науқастың дене салмағы 150 келі болса, оның ісігінің салмағы 10 келіні құрады.
Хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мәлік Сексембаевтың айтуынша, өткен жылы науқаста құрсақ қуысы мен кіші жамбас аймағындағы аналық без ісігі анықталған. Кейін ол ауруханаға бірде-бір рет жүгінбеген еді.
Биыл ауырсыну пайда болып, емдеу мекемесіне жеткізілді. Белгілі болғандай, ісік көлемі едәуір өсіп, 10 келіге дейін жеткені анықталды.
Ота 2 сағатқа созылған. Қазіргі уақытта алынған материал гистологиялық зерттеуге жіберілді.
