Петропавл қаласында татар әдебиетінің классигі, көрнекті ақын әрі жазушы Ғабдолла Тоқайға арналған бюстің ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жазушының бюстіне Татарстан басшысы Рустам Минниханов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов және Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев гүл шоғын қойды.

Татарстан басшысының әлеуметтік желіде жариялаған суреттерінен жаңа ескерткіш орналасқан алаңға қазақтың әдебиет қайраткерлері Мағжан Жұмабаев пен Герольд Бельгердің бейнесі салынған муралдар «қарап» тұрғанын көруге болады.

«Бұл айтулы оқиға ұлы ақынның туғанына 140 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Тағдыры Қазақстанмен тығыз байланысты Ғабдолла Тоқайдың шығармашылық мұрасы халықтарымыздың ортақ тарихи тамырын және мәдени байланысын айшықтайды. Тоқайға арналған ескерткіштің ашылуы бауырлас халықтарымыз арасындағы достықтың тағы бір символына айналды», – деп жазды Рустам Минниханов өзінің Telegram каналында.