Петропавлда науқас пен дәрігер арасындағы жанжал қылмыстық іске ұласты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға 17 тамызда болған. Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінің мәліметінше, 51 жастағы қала тұрғыны дәрігермен сөйлескен кезде агрессия танытқан.

"Медицина қызметкерінің ескертуіне ер адам агрессивті жауап беріп, оның бетіне соққы жасаған", – делінген полиция хабарламасында.

Аталған факті бойынша "медицина қызметкеріне өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Қожахметовтің айтуынша, бұл – өңірде медицина қызметкеріне күш қолдануға қатысты тіркелген екінші жағдай.

"Маусым айында Шал ақын ауданында жол апатынан кейін көмек көрсетіп жатқан медицина қызметкеріне мас күйдегі ер адам күш қолданған. Сот оны 1,5 жылға бас бостандығынан айырды", – деді Әлібек Қожахметов.