Петропавлда алаяқтарға 3 млн теңге аудармақ болған слесарьді полицейлер дер кезінде тоқтатты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаладағы сауда үйлерінің бірінде полиция аға лейтенанты Еркебұлан Құрбаниязов банкоматтардың жанында телефонмен ұзақ сөйлесіп, қатты қобалжып тұрған ер адамды байқайды. Оның қолындағы жасыл пакеттің ішінен ақша бумалары көрініп тұрған.

Еркебұлан қызметтік куәлігін көрсетіп, ер адамға телефонның ар жағында алаяқтар болуы мүмкін екенін ескертті. Алайда қала тұрғыны полицейдің сөзіне құлақ асқысы келмеді.

Алаяқтар ер адамға егер біреу оны тоқтатуға тырысса, оған сенбеу керектігін айтып, полицейлердің өзі оның атына несие рәсімдегісі келетін қылмыскерлер болуы мүмкін деп сендірген. Полицейдің табандылығының арқасында ер адам райынан қайтып, ақшасын сақтап қалды.

"Слесарь болып жұмыс істейтін 49 жастағы азамат алаяқтардың өзін қалай алдағанын айтып берді. Алдымен оған автоматты дауыс хабарласып, электронды цифрлық қолтаңбасының қолданылу мерзімі аяқталып келе жатқанын айтып, оны ұзарту үшін "1" санын басуды ұсынған", - деп жазылған хабарламада.

Одан кейін банк қызметкері болып танысқан адам қоңырау шалып, неліктен осы санды басқанын сұраған. Алаяқтар оның атына кредит рәсімделіп жатқанын айтып, мәселені шешу үшін кредит алып, ақшаны "қауіпсіз шотқа" аудару қажеттігіне сендірген.