Перизат Қайраттан тәркіленген люкс-автокөліктердің мемлекеттік органдарға қалай тегін берілгені белгілі болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков бұл тәжірибені "бюджет шығынын азайтудың бір тетігі" деп түсіндірді. Ол: "Бұл шара бюджет қаражатын үнемдеу үшін қарастырылған. Жаңа көлік сатып алғаннан гөрі, тәркіленген мүлікті алған тиімді. Норматив-құқықтық актілерде мұндай құқық мемлекеттік және құқық қорғау органдарына берілген. Сондықтан неге мұндай мүмкіндікті пайдаланбасқа?", - деді.

Бұған дейін "Біз біргеміз, Қазақстан 2030" қайырымдылық қорының атышулы басшысына тиесілі шамамен 80 миллион теңгеге бағаланған "Мерседес" көлігі саудаға шығарылған. Алайда аукционда сатып алушы табылмағандықтан, ол кейін мемлекеттік органдардың игілігіне беріліпті.

Айта кетері, 2024 жылғы тасқын кезінде қайырымдылық қызметімен танылған блогер Перизат Қайрат ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша 10 жылға сотталған болатын.