Пекиндегі ең биік ғимарат – CITIC Tower (China Zun) зақымданды. Әлеуметтік желілерде шағын ұшақтың сынықтары көрсетілген суреттер мен бейнежазбалар тарады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Associated Press басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Суреттер ғимараттың бір жағында тесік немесе сынған әйнек бар екенін көрсетті. Гонконгтың South China Morning Post газетінің хабарлауынша, шағын ұшақ Пекиннің Орталық бизнес ауданындағы CITIC Tower-ге соғылған.

Ғимараттың сыртында полиция, өрт сөндіру көліктері мен жедел жәрдем көліктерінің көптігі байқалды. Ғимараттың биіктігі – 528 метр (1 732 фут).

Оқиғаның себебі әзірге белгісіз, билік бұл оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Суреттер мен бейнежазбалардың түпнұсқалығын растау мүмкін болмады, олар интернеттен тез арада жойылды.